"Тау самалы" лагерінде  мүмкіндігі шектеулі жастарға арналған оқыту лагері өз жұмысын бастады

/image/2019/09/02/crop-31_107_697x1239_ppd5vhh_864.jpg

Кеше Жуалы ауданындағы «Тау самалы» лагерінде «Мүмкіндіктер мекені» деп аталатын облыстық жастар лагері түндігін түрді. Бұл жолы тау бөктеріндегі жасыл желекпен көмерген аумақта тыныстауға  тұңғыш рет мүмкіндігі шектеулі жастар мүмкіндік алды. Облыстың барлық аудандарынан келген  мүмкіндігі шектеулі жастар мен олардың күтушілерінен, ата-аналарынан тұратын демалушылардың жалпы саны 230-дан асып жығылады деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі. 

Мүмкіндігі шектеулі жандар үш күн бойы қаланың у-шуынан қашықтағы таудың саф ауасымен демалып қана қоймай түрлі семинар-тренингтердің белсенді қатысушы атанбақ.

Жамбыл облыстық жастар ресурстық орталығы мұрындық болып отырған шара Жастар жылы қарсаңында мүмкіндігі шектеулі жандарды қоғамнан шет қалдырмай керісінше олардың лайықты өмір сүруіне жағдай жасау мақсатын көздейді. Оқыту лагерінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде облыстық жастар ресурстық орталығы директорының орынбасары Айбек Тәутен де осы жайтқа баса назар аударды.

–Бізде бұған дейін жастарды оқыту лагері әртүрлі форматта, түрлі тақырыппен өткізілген. Биылғы ерекшелік біз мұнда мүмкіндігі шектеулі жастарды жинап отырмыз. Үш күндік оқыту лагері барысында біз олардың шын мәнінде шектеусіз мүмкіндік иесі екендігіне көздерін жеткізетін боламыз. Семинар-тренингтер «Нұр бала» қоғамдық қорының білікті мамандарымен және облыстың белсенді жастарымен жүргізіледі. Ең бастысы тау бөктеріндегі жанға жайлы климат мүмкіндігі шектеулі жандардың денсаулығына оң әсерін тигізері анық. Және олардың барлығының денсаулық жағдайы үш күн бойы дәрігерлердің тұрақты бақылауында болады,–дейді А.Тәутен.

Оқыту лагерінің ашылу салтанатында демалушылардың алаңсыз тыныстауына жауапты ұйымдастыру комитетінің мүшелері және топ жетекшілері таныстырылды. Мұнан әрі шара концерттік бағдарламаға ұласты.

Айта кету керек үш күнге созылатын оқыту лагерінің алғашқы күнінде демалушылар «Нұр бала» қоғамдық қорының  психолог мамандары Әйгерім Дәулетбаева, Салтанат Сәдуақасованың семинар тренингтеріне қатысып, топтық жұмыстарға атсалысады. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі жастарға облыс мақтанышы, паралимпиадалық ойындарының чемпионы Зульфия Габидуллина сынды түрлі салада жемісті еңбек етіп жүрген модераторлар дәріс оқиды.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар